Жеті апта, 60 ел, бір сценарий: ЯСЖТШҰ Намибиядағы ауқымды оқу-жаттығуларды аяқтады.
Вена / Виндхук, 20 қараша 2026 ж
20 қарашада Австрия мен Намибияда өткен 2026 жылғы кешенді далалық жаттығулар (IFE26) аясында жеті апталық іс-шаралар аяқталды. Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымы (ЯСЖТШ) ұйымдастырған және Намибия Республикасының аумағында өткізілген бұл оқу-жаттығулар және Африкада алғаш рет өткізілген осындай ауқымды іс-шара болды.
Аталған іс-шараға 60 елден 250-ден астам сарапшы қатысты, оның ішінде шартқа қатысушы мемлекеттер тағайындаған инспекторлардың орынбасарлары, ұлттық техникалық сарапшылар, ЯСЖТШҰ-ның қызметкерлері және тәуелсіз сарапшылар. Олар бірлесіп қатысушы мемлекеттер шарт күшіне енгеннен кейін сұрай алатын ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа (ЯСЖТШ) сәйкес ұйымның жергілікті жерде инспекция жүргізуге (OSI) дайындығын тексерді.
«Ядролық сынақтарға жапапай тыйым салу туралы шарт халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтайтын негіздердің бірі болып табылады. Намибия оқу-жаттығуларды өткізу орны ғана болған жоқ. Біз IFE26-ны практикалық халықаралық ғылыми-техникалық өзара іс-қимыл арқылы көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға үлес ретінде қарастырамыз. Сонымен қатар, бұл Намибияның таратпау және қарусыздану саласындағы халықаралық міндеттемелерін орындауға деген адалдығының көрінісі болды», - деді Намибия Республикасының Президенті Нетумбо Нанди-Найтва
Оқу-жаттығу 5 қазанда Венадағы ЯСЖТШҰ-ның штаб-пәтерінде дайындық кезеңінен басталды, онда қатысушылар далалық операциялар өтетін жерге барар алдында дайындық және консультациялар өткізді. Содан кейін жаттығулар Намибияның Эронго аймағына көшті, онда алты апта бойы сценарийді пысықтау шаралары өткізілді. Ойдан шығарылған сценарий шеңберінде жұмыс істей отырып, қатысушылар жергілікті жерде инспекция жүргізу үшін қолданылатын әдістердің, рәсімдердің және арнайы жабдықтардың іс жүзінде барлық түрлерін сынақтан өткізіп, сондай-ақ қажет болуы мүмкін үйлестіру дағдыларын пысықтады. Жарылыстар жүргізілген жоқ.
«Соңғы жеті апта ішінде Венадан Эронгоға дейін біз Шарттың жұмыс істеу қабілетін тексеру рәсімдерінің бірінің іс жүзінде жүзеге асырылуының куәсі болдық. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген жүздеген сарапшы нақты қысым жағдайында иық тіресе жұмыс істеп, жергілікті жерде инспекция жүргізудің мүмкін екенін және оны жоғары деңгейде жүзеге асыруға болатынын дәлелдеді. Бұл аса маңызды, өйткені верификация жүйесінің сенімділігі біздің оны қолдануға дайын болуымызға байланысты. Осы мүмкіндікті жасағаны үшін, сондай-ақ осындай жомарт әрі адал серіктес болғаны үшін Намибияға шын жүректен алғысымды білдіремін», – деді ЯСЖТШҰ-ның атқарушы хатшысы Роберт Флойд.
30-дан астам елдің жоғары лауазымды өкілдері іс-шара өтетін жерде ЯСЖТШҰ-ның атқарушы хатшысы Роберт Флойдқа қосылып, IFE26 жаттығуының барысымен танысты және сарапшылар топтары мен инспекторлардың орынбасарларының инспекция сценарийін іске асыру үдерісін бақылады. Олардың қатысуы ЯСЖТШ верификациялау режиміне халықаралық қоғамдастықтың тұрақты қолдауының айқын көрінісі болды.
IFE26 ЯСЖТШҰ-ның жергілікті жерде инспекция жүргізу жөніндегі 2008 жылы Қазақстанда және 2014 жылы Иорданияда өткізілген жаттығуларынан кейінгі үшінші ауқымды оқу-жаттығуы болды. Қазіргі мүмкіндіктерді көрсетумен қатар, бұл жаттығу жетілдіруді қажет ететін әлсіз тұстарды да анықтауға мүмкіндік берді. Осы жаттығу барысында алынған тәжірибе Шарт күшіне енген сәттен бастап Ұйымның жергілікті жерде инспекция жүргізуге дайындығын қамтамасыз ету үшін аса маңызды болады.
Тарихи анықтама:
Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт (ЯСЖТШ) әлемнің кез келген жерінде, кез келген уақытта, кез келген ядролық сынақ жарылыстарын жүргізуге тыйым салады. Шарт дүниежүзілік болып табылады: оған 188 мемлекет қол қойды, 179 — ы ратификацияланды. Шарттың күшіне енуі үшін оны оған 2-қосымшада аталған барлық 44 мемлекет ратификациялауы тиіс, алайда 9 мемлекет оны әлі де ратификацияламаған.





