Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы мен География және су қауіпсіздігі институты өкілдерінің кездесуі өтті
2026 жылғы 8 қазан күні «Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы» РМК «Геофизикалық зерттеулер институты» филиалының Арнайы сейсмикалық ақпаратты жинау және өңдеу орталығы (АСАЖӨО) директорының орынбасары Айдын Мукамбаев пен «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ Басқарма төрағасы г. ғ. к., қауымд. проф. Саят Курбанбаевич Алимкуловпен жұмыс кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар өзара қызығушылық тудыратын ғылыми-техникалық және инженерлік-техникалық жұмыстардың перспективалы бағыттарын, сондай-ақ табиғи және техногендік қауіптерді зерттеу, табиғи тәуекелдерді бағалау, қауіпті геологиялық процестерге мониторинг жүргізу және климаттың өзгеруінің қоршаған ортаға әсерін зерттеу салаларында бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Ғылыми ынтымақтастық туралы меморандум жасасу перспективаларына ерекше назар аударылды. Аталған меморандум ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамытуға, ғылыми тәжірибе алмасуға және бірлескен зерттеулер жүргізуге бағытталған.
Кездесу аясында ғылыми басылымдармен алмасу жүзеге асырылды.
Саят Курбанбаевич Алимкулов АСАЖӨО-на Қазақстан Республикасының табиғи жағдайлары мен географиялық ерекшеліктерін, сондай-ақ аумағындағы табиғи және техногендік қауіптерді зерттеу нәтижелерін көрсететін ғылыми-картографиялық еңбектерді табыстады. Олардың қатарында:
- Үш томдық «Қазақстан Республикасының Ұлттық атласы»;
- «Қазақстан Республикасының Атырау облысының атласы»;
- «Қазақстан Республикасының Маңғыстау облысының атласы»;
- «Қазақстан Республикасының табиғи және техногендік қауіптер мен төтенше жағдайлар тәуекелдерінің атласы» бар.
Өз кезегінде, Айдын Мұкамбаев География және су қауіпсіздігі институтына Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған ғылыми еңбектерін табыстады. Олардың қатарында «Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонын қауіпсіз күйге келтіру жөніндегі ғылыми-техникалық және инженерлік жұмыстар кешенін жүргізу» атты үш томдық монография, сондай-ақ «Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны мен оның айналасындағы аумақтың табиғи және техногендік сейсмикалығы» атты монография бар.
Ғылыми басылымдармен алмасу ұйымдар арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтуға бағытталған кәсіби диалогтың маңызды бөлігі болды. Кездесу геофизика, сейсмология, табиғи және техногендік қауіптерді зерттеу, тәуекелдерді бағалау және климаттың өзгеруін зерделеу салаларындағы одан әрі ынтымақтастықтың перспективаларын айқындады.








